Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Қытай – Орталық Азия» II симпозиумы өтті. Халықаралық ғылыми-білім беру жиыны Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдері арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға, ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге және білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналды.

Симпозиумға QyzPU басшылығы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Алматы қаласындағы Өкілдігінің саяси тобының басшысы Алмаша Аренова, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Білім беру ғылымдары және қоғамды дамыту орталығының басшысы Жеңісбек Төлен, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Әсел Назарбетова, сондай-ақ Қытай мен Орталық Азияның жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Симпозиум аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Ланьчжоу университетінің бірлескен бастамасымен «Қытай – Орталық Азия білім беруді зерттеу орталығы» ашылды. Орталықтың негізгі мақсаты – өңір елдерінің білім беру жүйелерін салыстырмалы зерттеу, ғылыми байланыстарды дамыту, озық тәжірибелермен алмасу және бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру.

Орталықты құру туралы келісімге QyzPU Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова мен Ланьчжоу университетінің президенті Ян Юнпин қол қойды.

Бейбіткүл Кәрімова жаңа орталықтың ашылуы халықаралық академиялық әріптестікті тереңдетуге, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және білім беру саласындағы тиімді тәжірибелерді таратуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ланьчжоу университетінің президенті Ян Юнпин орталық қызметінің басым бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, білім беру жүйелерін салыстырмалы зерттеу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу, жоғары білімді басқарудың тиімді модельдерін зерделеу және педагогикалық инновацияларды дамыту көзделген.

Сондай-ақ симпозиум аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Цицикар инженерлік институтымен және Сиань Еуразия университетімен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды. Бұл келісімдер академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге, ғылыми байланыстарды нығайтуға және бірлескен білім беру мен зерттеу бастамаларын дамытуға негіз болады.

Симпозиумның ғылыми бөлімінде Гонконг ғылым және технологиялар университетінің (Гуанчжоу), Цицикар инженерлік институтының, Носири Хусрав атындағы Бохтар мемлекеттік университетінің, «Тұран» университетінің, Ханчжоу педагогикалық университетінің, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Конфуций институтының, Сиань Еуразия университетінің және Ланьчжоу университетінің өкілдері баяндамалар жасады.

Қатысушылар цифрлық және зияткерлік білім беру, университеттерді басқару, оқу бағдарламаларын әзірлеу, білім беру үдерісін цифрландыру, жасанды интеллект дәуірінде IT мамандарына қажетті дағдыларды қалыптастыру, инженерлік білім берудің даму үрдістері және жоғары білімді интернационалдандыру мәселелерін талқылады.

Симпозиум қорытындысы халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға, ғылыми-білім беру саласындағы серіктестікті кеңейтуге және Қазақстан, Қытай мен Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған жаңа мүмкіндіктерді айқындады.


