Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Филология факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Сатбекова әзірлеген «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» курсы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мақұлдауынан өтіп, халықаралық Coursera платформасына орналастырылды.

Курстың мақсаты – қазақ тілін оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін меңгерту, тиімді оқу үдерісін ұйымдастыру және білім алушылардың тілдік-коммуникативтік құзыреттіліктерін дамыту.

Бағдарлама бейнедәрістерді, практикалық тапсырмаларды, тесттерді және сабақ жоспарларын әзірлеуге арналған жаттығуларды қамтиды. Курс тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдыларын дамытуға, заманауи оқыту технологиялары мен цифрлық ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған.

Курсты әзірлеу және Coursera платформасына орналастыру барысында жоба серіктесі BMG UpSkill компаниясы техникалық және консультациялық қолдау көрсетті.