Алматы қаласында инклюзивті білім берудің алғашқы Дүниежүзілік конгресі (World Inclusion Congress – WIC 2025) өз жұмысын аяқтады. 15–17 қазан аралығында өткен бұл халықаралық жиынға 40 елден келген 1400-ге жуық сарапшы, педагог, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен білім саласының көшбасшылары қатысты. Форум барысында қатысушылар балалар үшін сапалы, қауіпсіз және қолжетімді білім беру жүйесін қалыптастыру жолдарын талқылады.

Конгрестің басты нәтижесі – Алматы декларациясының қабылдануы болды. Құжат ЮНЕСКО-ға жолданып, инклюзивті білім беруді дамытудың негізгі бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, білім беру жүйесіне интеграциялау, EdTech пен жасанды интеллект технологияларын енгізу, тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық платформаларын құру мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті инклюзияны дамытудың тиімді құралы ретінде пайдалану жолдары талқыланды.

Ауқымды жиынға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің (QyzPU) өкілдері де белсенді түрде қатысты. Педагогика және психология институтының директоры Гүлжан Оразаева инклюзивті білім беру саласындағы университет тәжірибесін таныстырып, арнайы педагогтарды даярлау стратегиялары туралы баяндама жасады. Психология білім беру бағдарламасының көшбасшысы, PhD Гүлмира Топанова цифрлық дәуірдегі менталдық денсаулық жайлы өз көзқарасын білдірді. Ал Арнайы педагогика кафедрасының оқытушысы Лаура Шотыбаева Қазақстан мен өзге мемлекеттердің ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау жүйелеріне салыстырмалы талдау ұсынды.

WIC 2025 Конгресі инклюзивті білім беру тәжірибесін талқылау алаңы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның инновациялық және білім беру трендтерінің жаһандық картасында маңызды орынға ие екенін айқындаған ірі халықаралық оқиға болды.