11 желтоқсан 2025 жылы Сералы Қаниев атындағы Ғылыми кітапханада «Антистресс күндері» шеңберінде студенттердің психологиялық әл-ауқатын қолдауға бағытталған «ЖайлыSpace – жайлы психологиялық кеңістік алаңы» атты тренинг өтті.
Тренингтің негізгі мақсаты – студенттердің эмоционалдық жағдайын жақсарту, күйзелісті азайту және өздерін қауіпсіз әрі жайлы сезінетін ортаны қалыптастыру болды. Шара барысында қатысушылар түрлі релаксациялық әдістерді қолдануды, тыныс алу техникасын дұрыс орындауды және өзін-өзі реттеу дағдыларын тәжірибе жүзінде меңгерді.
Іс-шара аясында стресске төзімділік, психология және өзін тану тақырыптарына арналған отандық және шетелдік авторлардың еңбектерінен арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушылар заманауи әдебиеттермен танысып, эмоционалдық әл-ауқатты нығайтуға бағытталған өздеріне қажетті материалдарды таңдап алды.
Тренинг барысында студенттер терең диафрагмалық тыныс, 4-4-6 тәсілі және «қорапша тынысы» сияқты тиімді тыныс алу әдістерін практикалық түрде орындап көрді. Топтық жұмыс қатысушылар арасында сенімге толы, жайлы атмосфера қалыптастырып, өзара қарым-қатынасты нығайтты. Шара студенттерге эмоционалдық тепе-теңдікті қалпына келтіруге, ішкі тыныштықты сезінуге және күнделікті күйзелісті төмендетуге көмектесетін маңызды тәжірибе сыйлады.
