Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өтіп жатқан «Мектеп – университет – нарық: білім берегудің жаңа архитектурасы» атты халықаралық педагогикалық идеялар фестивалі аясында ауқымды шаралар легі жалғасуда.
Бұл жолы басты назар білім беру жүйесінің ең тиімді халықаралық әдістерінің бірі – Lesson Study тәсіліне аударылды. Фестиваль аясында ұйымдастырылған білім беру ұйымдары басшылары форумының екінші бөлімі толығымен университет институттарының бітіруші курс студенттерінің постерлер галереясына арнап, болашақ педагогтер «Lesson study – ынтымақтастық педагогикалық тәсіл» тақырыбында өздерінің алғашқы ауқымды зерттеу жұмыстарын сәтті қорғап шықты.

Зерттеу жұмыстарының білім берудегі маңыздылығын атап өткен QyzPU Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Суатай Сәбит Құрманжанұлы: «Университет – мектеп – нарық» моделінде өтіп жатқан Lesson Study постерлер галереясы білімді еңбек нарығынан бөлмей, түлектеріміздің бәсекеге қабілетті зерттеуші маман ретінде қалыптасуына тікелей ықпал етеді. Студенттеріміздің бұл зерттеулері арқылы білім берудегі сабақты зерттеу тәсілінің тиімділігін зерделей отырып, Қыздар университетін инновациялық ойлайтын, зияткер жас буынды тәрбиелейтін жаңа мүмкіндіктер мекеніне айналдыруды көздейміз», – деп атап өтті.

Шара барысында фестиваль қонақтары мен мектеп басшыларының назарына Lesson study тәсілін қолданудың нәтижелері ресми презентациялар, демонстрациялар және мазмұнды постерлік баяндамалар арқылы ұсынылды. Сонымен қатар қатысушылар сабақты зерттеудің өзекті мәселелері мен оны қазіргі мектептерде іске асырудың ерекшеліктерін кеңінен талқылады.

Бітіруші курс студенттерінің бұл зерттеулері арқылы жоғары оқу орнында Lesson Study тәсілін қолданудың тиімділігі мен маңыздылығы жан-жақты зерделеніп, осы бағытты ары қарай жүйелі дамыту туралы құнды ұсыныстар айтылды. Фестивальдің дәл осындай "Университет – мектеп – нарық" моделінде өтуі білімді мектеп өмірінен және еңбек нарығынан бөлмей қарастыруға мүмкіндік беріп, түлектердің болашақта бәсекеге қабілетті маман болуына тікелей ықпал етеді.
Студенттердің ғылыми ізденісін қолдау мақсатында шара соңында жоба жетекшілеріне арнайы алғыс хаттар, ал жас зерттеушілерге сертификаттар табысталды.
