Педагогика және психология институтының Мектепке дейінгі білім беру кафедрасында «Мектепке дейінгі ұйымның тәрбиешісі және логопеді» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттерінің Lesson Study жобаларын қорғауы өтті.
Шараның мақсаты – болашақ педагогтердің зерттеушілік мәдениетін қалыптастыру, кәсіби құзыреттерін дамыту және білім беру үдерісін жетілдіру.
Бұл жолғы жобаларды қорғаудың басты ерекшелігі – болашақ мамандардың өз зерттеулерінде жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне ықпалдастыруы. Студенттер сабақты бірлесіп жоспарлау және бақылау барысында ЖИ-дің оқыту сапасын арттырудағы, балалардың танымдық белсенділігін дамытудағы және оқу үдерісін дараландырудағы мүмкіндіктерін ғылыми тұрғыдан негіздеп шықты.
Қорғау нәтижесінде комиссия мүшелері ұсынылған жобалардың өзектілігін, ғылыми-тәжірибелік маңызын және студенттердің педагогикалық жағдаяттарды сыни тұрғыдан бағалау қабілеттерінің жоғары деңгейде қалыптасқанын жоғары бағалады.
Lesson Study – бұл сабақты бірлесіп жоспарлау, бақылау және талдау арқылы педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға және оқушылардың білім алу сапасын жақсартуға бағытталған жапондық зерттеу технологиясы. Айта кету керек, QyzPU елімізде алғашқылардың бірі болып дипломдық жұмыстарды мұғалімдердің кәсіби дамуына бағытталған осы жапондық зерттеу әдісі негізінде жазуды енгізген болатын.
