Мемлекеттік қызметке қабылдау қағидалары түсіндірілді



    • Мемлекеттік қызметке қабылдау қағидалары түсіндірілді

      15 қазан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрсұлтан Ақылбекұлы Сейдалиев белсенді студенттермен және студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының өкілдерімен кездесу өткізді.

      Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында мемлекеттік қызметке кіру тәртібін және мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру болды.

      Іс-шара барысында Нұрсұлтан Ақылбекұлы студенттерге мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісі, бос лауазымдарға қатысу жолдары және www.gov.kz пен www.eqyzmet.gov.kz порталдарын пайдалану тәртібі туралы кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ GPA көрсеткіші 3.33-тен төмен емес түлектер мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуын аяқтаған жағдайда конкурссыз түрде «Б» корпусының әкімшілік лауазымдарына орналасуға құқылы екені айтылды.

      Қатысушыларға мемлекеттік қызметтегі жалақы мөлшері, әлеуметтік жеңілдіктер мен мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы да ақпарат берілді.

      Сонымен қатар, Алматы облысында қазіргі таңда 190-нан астам бос мемлекеттік әкімшілік лауазым бар екені, олардың едәуір бөлігіне жас түлектердің қатыса алатыны жөнінде дерек келтірілді.

      Кездесу «Адал Азамат» жол картасы аясында ұйымдастырылып, жастар арасында патриоттық құндылықтарды дәріптеу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметтің беделін арттыру мақсатында өтті.

      Шара соңында студенттер өз сұрақтарын қойып, мемлекеттік қызмет жүйесіне қатысты нақты кеңестер мен ұсыныстар алды.

      Бөлісу: