Музыкалық-педагогикалық білім беруді жаңғыртуға арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті



    • Музыкалық-педагогикалық білім беруді жаңғыртуға арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті

      17 қазан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде музыка кафедрасының ұйымдастыруымен «Музыкалық-педагогикалық білім беру жүйесін жаңғырту және жаңарту аясында бәсекеге қабілетті музыка мұғалімдерін даярлау» атты ИРН АР19678793 ғылыми жоба аясында халықаралық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті.

      Іс-шараның мақсаты – заманауи музыкалық-педагогикалық білім берудің мазмұнын жаңарту, кәсіби даярлық сапасын арттыру және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, музыка мұғалімдерінің бәсекеге қабілеттілігін дамыту.

      Ғылыми жоба жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Құлманова Шолпан Бөрібаевна ғылыми жобаның 2023–2025 жылдар аралығындағы ғылыми-әдістемелік нәтижелерін таныстырып, музыкалық білім беру саласындағы жаңа әдіс-тәсілдермен бөлісті.

      Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан мен шетелдік жоғары оқу орындарының оқытушылары, музыка педагогикасы саласының мамандары, докторанттар мен магистранттар қатысты. Қатысушылардың қатарында Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен практик-мамандары болды. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар музыкалық-педагогикалық білім беруді жаңғырту, инновациялық технологияларды енгізу және халықаралық тәжірибені оқу процесіне бейімдеу мәселелерін талқылады.

      Іс-шара қорытындысы бойынша келесі ұсыныстар қабылданды:

      • музыкалық білім беру бағдарламаларына «Soft way to Mozart» ақпараттық-коммуникациялық технологиясын енгізу;
      • «Орф-педагогикасы» және критериалды бағалау әдістерін оқу процесінде қолдану;
      • «Музыкалық білім» мамандығы бойынша оқу жоспарына жаңа пән енгізу;
      • педагогтар мен музыка мамандарына арналған біліктілікті арттыру курстарын жандандыру.

      Дөңгелек үстел музыкалық-педагогикалық білім беруді жаңғыртудың өзекті мәселелерін талқылауға, тәжірибе алмасуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталды.

      Бөлісу: