QyzPU студенттері Ондокуз Майыс университетінде білім алуда
-
17 қазан, 2025
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері Түркия Республикасының Самсун қаласындағы Ондокуз Майыс университетінде 2025–2026 оқу жылының күзгі семестрінде білім алуда.
Бұл мүмкіндік университет пен Түркия Республикасының Ондокуз Майыс университеті арасында 2022 жылғы 17 мамырда жасалған өзара түсіністік туралы меморандум аясында жүзеге асырылып отыр. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы болашақ мамандардың кәсіби және ғылыми әлеуетін арттыруға, сондай-ақ халықаралық білім беру тәжірибесін меңгеруге бағытталған.
Аталған бағдарлама аясында барлығы тоғыз студент білім алуда. Олар – «Шетел тілі: екі шетел тілі», «Шетел тілдері (IP)», «География», «Химия», «Ақпараттық жүйелер» және «Математика-информатика» мамандықтарының 2 және 3 курс студенттері. Олар оқу үдерісіне белсенді қатысып, жаңа әдістемелер мен мәдени орта ерекшеліктерімен танысуда.
Бұл студенттердің жетістігі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің халықаралық ынтымақтастық саласындағы белсенді жұмысының айқын көрінісі. Университет әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестікті нығайтып, студенттерге шетелде білім алу және кәсіби тұрғыда дамуға жаңа мүмкіндіктер ұсынуды жалғастыруда.
Болашақ мамандардың осындай халықаралық академиялық тәжірибесі олардың кәсіби құзыреттілігін арттырып, отандық білім беру саласына жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Бөлісу: