QyzPU құрамасы – футзалдан Қазақстанның Студенттік лигасының чемпионы!



    • QyzPU құрамасы – футзалдан Қазақстанның Студенттік лигасының чемпионы!

      2025 жылдың 3-7 қазан күндері Астана қаласындағы «Сайран Аренада» университеттер арасында футзалдан студент қыздардың республикалық лигасы өтті. 

      Спорттық доданы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан футбол федерациясы және Назарбаев университетінің ұйымдастырды.

      Жарысқа еліміздің алты жоғары оқу орнынан құрамалар қатысты: Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, Назарбаев университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы. 

      Футзал ойындары айналмалы жүйе бойынша өтті. Нәтижесінде қарсылас командалардың барлығын жеңген QyzPU құрамасы чемпион атанды.

      Команда жаттықтырушысы, Дене шынықтыру және спорт кафедрасының аға оқытушысы Ибрагим Бисариевтің айтуынша, қыздар осы уақытқа дейін көптеген жарыста жақсы нәтиже көрсетіп келеді.
      
«Бұл жеңіс – ең алдымен қыздардың табандылығы мен жоғары дайындықтарының нәтижесі. Ұйымдастырушылар мен спорт саласының өкілдері де біздің ойыншылардың шеберлігі мен тәртібіне жоғары баға берді. Университет тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Спорт – адам өміріндегі ең басты құндылық. Спортпен айналысқан адам тез ойлап, кез келген ортаға бейімделе алады. Сол себепті баршаға спортты өмірінің бір бөлігіне айналдыруды кеңес етемін. Материалдық және моральдық тұрғыда қолдау көрсеткен кафедра ұжымына және университет басшылығына алғыс білдіремін», – деді жаттықтырушы.

      QyzPU құрамасының бұл жеңісі – университеттің спорт саласындағы зор жетістіктерінің бірі. Спортшылардың табысы жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, жаңа белестерге ұмтылуға шабыттандырады.

      Бөлісу: