Тұрақты даму мақсаттарының білім беру үдерісіндегі маңызы талқыланды
-
10 қазан, 2025
![Тұрақты даму мақсаттарының білім беру үдерісіндегі маңызы талқыланды]()
2025 жылғы 10 қазанда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Білім беру үдерісіндегі Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) маңызы (Орта мектеп – ЖОО)» тақырыбында әдістемелік дөңгелек үстел өтті. Шараға Алматы қаласындағы орта білім беру ұйымдарының мамандары, жұмыс берушілер, әдіскерлер мен университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) білім беру үдерісіне тиімді енгізу жолдарын қарастыру, орта мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы сабақтастықты арттыру және оқу бағдарламаларының өзара сәйкестігін талқылау болды.
Шара барысында қатысушылар орта мектеп пен жоғары оқу орнында ТДМ қағидаттарының жүзеге асу деңгейі мен оның білім сапасына әсері жөнінде ой бөлісті. Сонымен қатар, ТДМ-ды оқу процесінде қолдану тәжірибелері мен әдістемелік тәсілдер сараланып, өзекті ұсыныстар айтылды.
Кездесуде «6В01701 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының орта мектепке арналған үлгілік бағдарламаға сәйкестігі талқыланып, оны жетілдіру бағыттары қарастырылды. Сондай-ақ, жоғары курс студенттерінің педагогикалық практикадан өту базаларын кеңейту және бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды.
Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар білім беру сапасын арттыру және Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру бойынша нақты ұсыныстарды қамтитын арнайы резолюция қабылдады.
Аталған іс-шара нәтижесінде педагогтер мен әдіскер-ғалымдардың пікір алмасуы білім беру процесіндегі заманауи талаптардың орындалуына және оқу бағдарламаларын жетілдіруге жаңа серпін беретіні атап өтілді.
Бөлісу:


