Педагогикадағы жаңа серпін: QyzPU-де өткен халықаралық конференция әлем зерттеушілерін тоғыстырды



    • Педагогикадағы жаңа серпін: QyzPU-де өткен халықаралық конференция әлем зерттеушілерін тоғыстырды

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Инклюзивті білім беру және тілдерді саралап оқытудағы сандық технологиялар: зерттеулер мен тәжірибелер» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.

      Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025–2027 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру шеңберінде жүзеге асырылып жатқан ЖТН АР26102527 «Инклюзивті сыныптарда ағылшын тілін оқыту мен үйренуде сараланған сандық білім беру мазмұнын әзірлеу» атты ғылыми жоба аясында ұйымдастырылды.

      Конференцияның негізгі мақсаты – инклюзивті білім беру жағдайында тілдерді оқытудың сараланған әдістемелерін цифрлық технологиялармен ұштастыру, тәжірибе алмасу және зерттеу нәтижелерін білім беру тәжірибесіне енгізу болды.

      Конференция жұмысына Ұлыбритания, АҚШ, Солтүстік Ирландия, Пәкістан, Түркия, Армения, Иран, Қытай және Қазақстан елдерінен жетекші ғалымдар, зерттеушілер мен педагогтер қатысты.

      Пленарлық сессияда халықаралық сарапшылар – профессор Барбара Скиннер (Ұлыбритания), профессор Дуглас К. Хартман және қауымдастырылған профессор Цзяхан Ли (АҚШ), доктор Емел Акай (Түркия), доктор Фатеме Нами және профессор Хоссейн Ағазадэ (Иран), ғалым Фахиме Шакиба (Иран), сондай-ақ Қазақстанның танымал ғалымдары өз зерттеу нәтижелерін ұсынды.

      Секциялық отырыстарда баяндамалар тыңдалып, сараланған оқыту, цифрлық контент, педагогтердің кәсіби рефлексиясы, мобильді және бейімделмелі оқыту, тілдік білім берудегі ойын технологиялары мен әлеуметтік инклюзия тақырыптары талқыланды.

      Конференция қорытындысында қатысушылар инклюзивті білім беруді дамытудағы сандық технологиялардың рөлі мен мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру жолдарын айқындады.

      QyzPU ұжымы бұл конференцияны педагогикалық білім беру саласындағы ғылыми ынтымақтастық пен халықаралық серіктестікті нығайтудың маңызды алаңы деп бағалады.

       

      Бөлісу: